Айқас тістемді диагностика ерекшеліктері
1 курс резиденті: Ойдаш Нұржайна
Ғылыми жетекшісі: Кайкенова С.Е.
С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті,
ортодонтия кафедрасы, Алматы, Қазақстан
Кіріспе. Айқас тістем – жиі кездесетін тіс-жақ аномалиясы, ол функционалдық және эстетикалық өзгерістерге әкеледі. Айқас тістемді уақтылы анықтау және тиімді түзету мақсатында 3D-рентгенография, компьютерлік томография және цифрлық модельдеу сияқты заманауи диагностикалық әдістерді қолдану негізделген. Бұл технологиялар окклюзиялық бұзылыстардың сипатын, асимметрия деңгейін және функционалдық өзгерістерді дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Айқас тістемді емдеуде кешенді тәсілді қолдану – ортодонтиялық аппараттар, миофункционалдық терапия және хирургиялық түзету – тұрақты нәтижеге қол жеткізуге, шайнау қызметін жақсартуға және бет эстетикасын қалпына келтіруге ықпал етеді.
Мақсат. Айқас тістемнің клиникалық және рентгенологиялық ерекшеліктерін бағалау және заманауи диагностика әдістерінің тиімділігін талдау.
Материалдар мен әдістер. Екі пациент зерттелді. Клиникалық тексеру, ортопантомограмма, телерентгенограмма және цефалометриялық талдау қолданылды.
Нәтижелер. Пациенттерде морфологиялық өзгерістер, бет асимметриясы және шайнау функциясының бұзылыстары анықталды. Цефалометрия төменгі жақтың ығысуын көрсетті.
Қорытынды. Кешенді диагностика айқас тістемді дәл бағалауға мүмкіндік береді және емдеу тактикасын таңдауда маңызды рөл атқарады.
Түйінді сөздер: айқас тістем, диагностика, окклюзиялық бұзылыстар, ортодонтиялық ем, миофункционалдық терапия, хирургиялық түзету, цифрлық томография, 3D-рентгенография, бет эстетикасы, шайнау қызметі.
