Алынды: 22.02.2026
Қабылданды: 15.03.2026
Онлайн жарияланды: 30.03.2026
ӘӨЖ: 616.311.2-003.93-085:615.322
DOI: 10.70113/1815-9443.2026.41.16.004
АУЫЗ ҚУЫСЫ ШЫРЫШТЫ ҚАБЫҒЫНЫҢ ЛЕЙКОПЛАКИЯСЫ МЕН ЭРОЗИВТІ ЗАҚЫМДАНУЛАРЫН КЕШЕНДІ ЕМДЕУДЕГІ ПОЛИФИТ МАЙЫНЫҢ КЛИНИКАЛЫҚ ТИІМДІЛІГІ
Копбаева М.Т. ¹, Сакипова З.Б.¹, Кулманбетов Р.И.¹, Орынбекова С.О.¹, Джакиянов А.М.¹, Құбаш А.Ө.¹
¹С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті,
Алматы, Қазақстан
Кіріспе. Ауыз қуысы шырышты қабығының патологиясы, соның ішінде лейкоплакия мен эрозиялық зақымданулар, созылмалы ағымымен, жиі қайталануымен, эпителийдің кератинизациясының бұзылуымен және пациенттердің өмір сапасының төмендеуімен сипатталатын өзекті стоматологиялық мәселе болып табылады. Алынбайтын ортодонтиялық аппараттары бар науқастарда бұл мәселе ерекше маңызға ие, себебі шырышты қабықтың созылмалы жарақаттануы қабынуды күшейтіп, репарация үдерістерін баяулатады. Полифит майлары қабынуға қарсы, регенераторлық және кератопластикалық қасиеттеріне байланысты жергілікті емнің перспективалы құралы ретінде қарастырылады.
Зерттеудің мақсаты. Алынбайтын ортодонтиялық аппараттары бар науқастарды қоса алғанда, ауыз қуысы шырышты қабығының лейкоплакиясы мен травмалық эрозияларын кешенді емдеуде «Fitoleum 9 шөп» полифит майының клиникалық тиімділігін бағалау.
Материалдар мен әдістер. 18-ден 58 жасқа дейінгі 32 пациент тексерілді. Олардың ішінде 12 (37,5 %) пациентте ауыз қуысы шырышты қабығының лейкоплакиясы, 20 (62,5 %) пациентте травмалық эрозиялар анықталды, оның ішінде 11 (55,0 %) пациентте алынбайтын ортодонтиялық аппаратура болды. Бақылаудың екі тобы құрылды: негізгі топ — 17 пациент, оларға кешенді ем құрамында «Fitoleum 9 шөп» полифит майымен аппликациялар жүргізілді; бақылау тобы — 15 пациент, оларға ұқсас емдеу сызбасы бойынша шырғанақ майы қолданылды. Екі топта да көрсеткіш бойынша ауыз қуысын санациялау, жергілікті тітіркендіргіш факторларды жою және зақымдану ошақтарын 0,05 % хлоргексидин ерітіндісімен антисептикалық өңдеу жүргізілді. Ем тиімділігі зақымдану аумағы, гиперемия мен ісіну дәрежесі, ВАШ бойынша ауырсыну синдромы, толық эпителизация мерзімі және кератопластикалық әсер белгілері арқылы бағаланды. Статистикалық өңдеу t-Стьюдент критерийі арқылы p < 0,05 деңгейінде жүргізілді. Нәтижелер. Полифит майын кешенді емге қосу бақылау тобына қарағанда айқынырақ оң клиникалық динамикамен қатар жүрді. Негізгі топта эпителизацияның орташа уақыты 3,7 ± 0,18 күнді, ал салыстыру тобында 4,8 ± 0,26 күнді құрады. Эрозиялық зақымданулары бар пациенттерде ауырсыну синдромының басылуы негізгі топта 2-күні, бақылау тобында 3-күні байқалды. Негізгі топта гиперемияның төмендеуі 50 %-ға жетсе, бақылау тобында 35 % болды. Кератопластикалық белсенділік көрсеткіштері де жоғары болды: тиісінше 2,8 ± 0,2 және 1,9 ± 0,3. Ең айқын клиникалық әсер алынбайтын ортодонтиялық аппаратурасы бар пациенттерде байқалды.
Талқылау. Алынған нәтижелер полифит майын стандартты емдеу сызбасына қосу репаративті үдерістерді жеделдететінін, қабыну белгілерін азайтатынын және ауыз қуысы шырышты қабығы эпителийінің қалпына келуін тездететінін көрсетеді. Клиникалық әсер препарат компоненттерінің қабынуға қарсы, регенераторлық және кератопластикалық ықпалының үйлесуімен түсіндірілуі мүмкін. Бұл әсіресе ортодонтиялық ем кезіндегі тұрақты механикалық жарақаттану жағдайында маңызды. Алынған деректер полифит майын ауыз қуысы шырышты қабығы ауруларын кешенді жергілікті емдеуде қолдануды әрі қарай зерттеудің орындылығын
көрсетеді.
Қорытынды. «Fitoleum 9 шөп» полифит майы ауыз қуысы шырышты қабығының лейкоплакиясы мен травмалық эрозияларын кешенді емдеуде шырғанақ майымен салыстырғанда жоғары клиникалық тиімділік көрсетті. Препаратты қолдану эпителизация мерзімінің қысқаруына, қабыну көріністерінің азаюына және кератопластикалық әсердің күшеюіне, соның ішінде алынбайтын ортодонтиялық аппаратурасы бар пациенттерде, ықпал етті.
Түйінді сөздер: ауыз қуысы шырышты қабығы, лейкоплакия, травмалық эрозиялар, полифит майы, эпителизация, кератопластикалық әсер, ортодонтиялық аппаратура.
