Редакцияға келіп түсті: 2026 жылғы 21 тамыз
Жариялауға қабылданды: 2026 жылғы 24 қыркүйек
Онлайн жарияланды: 2026 жылғы 30 қыркүйек
ӘОЖ: 616.311.2-002:616.314.17-002:579.61
DOI: 10.70113/1815-9443.2026.76.80.008
ПАРОДОНТТЫҢ ҚАБЫНУ АУРУЛАРЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛ ИЕК БИОҮЛДІРІНІҢ МИКРОБИОЛОГИЯЛЫҚ ПРОФИЛІ: САЛЫСТЫРМАЛЫ ЗЕРТТЕУ
Аубакирова С.М. ¹, Мергембаева Х.С. ²
¹«Еуропалық имплантация орталығы», Алматы, Қазақстан
²С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Алматы, Қазақстан
Кіріспе. Пародонтопатогендер егжей-тегжейлі зерттелгенімен, пародонттың қабыну аурулары құрамы аурудың ауырлығына қарай өзгеруі мүмкін күрделі полимикробты биоүлдірлермен байланысты. Сондықтан қызыл иек жүлгесі мен пародонт қалтасындағы микробтық профильдерді салыстырмалы сипаттау клиникалық тұрғыдан маңызды.
Мақсаты. Созылмалы катаральді гингивит және орташа ауырлық дәрежелі созылмалы жайылған пародонтиті бар пациенттердің қызыл иек биотоптарындағы микрофлораның сапалық және сандық құрамын салыстыру.
Материалдар мен әдістер. Салыстырмалы клиникалық-микробиологиялық зерттеуге 24 пациент енгізілді: созылмалы катаральді гингивиті бар 10 пациент және орташа ауырлық дәрежелі созылмалы жайылған пародонтиті бар 14 пациент. Қызыл иек және қызыл иек асты биоүлдірінің үлгілері аэробты және анаэробты жағдайларда өсірілді; изоляттар морфологиялық, культуралық, тинкториалдық және биохимиялық қасиеттері бойынша сәйкестендірілді. Анықталу жиілігі мен колонизация тығыздығы бағаланды.
Нәтижелер. Созылмалы катаральді гингивит кезінде Streptococcus mutans монодоминантты профилі (40,0%) және полимикробты аэробты-анаэробты ассоциациялар (30,0%) басым болды. Орташа ауырлық дәрежелі созылмалы жайылған пародонтит кезінде полимикробты аэробты-анаэробты ассоциациялар (35,7%), инвазивті бета-гемолитикалық стрептококк профилі (21,4%) және Streptococcus mutans монодоминантты профилі (21,4%) жиі анықталды.
Талқылау. Культуралық зерттеу деректері гингивиттегі негізінен резидентті коккты профильден пародонтиттегі анағұрлым әртүрлі полимикробты және анаэробтармен байланысты профильдерге ауысуды көрсетеді. Үлгінің аз болуы, сау бақылау тобының болмауы және культуралық әдістің шектеулері себеп-салдарлық немесе емдік қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді.
Қорытынды. Зерттелген пародонт аурулары әртүрлі культуралық микробиологиялық профильдермен сипатталды. Жайылған пародонтит кезіндегі күрделі аэробты-анаэробты ассоциациялардың жоғары үлесі микробиологиялық профилирлеудің практикалық маңызын көрсетеді; нақты антимикробтық ем сызбаларының тиімділігі жеке проспективті зерттеуді қажет етеді.
Түйінді сөздер: пародонттың қабыну аурулары; созылмалы катаральді гингивит; созылмалы жайылған пародонтит; аэробты-анаэробты микст-инфекция; бета-гемолитикалық стрептококк флорасы; стафилококктар; микробтық бейне.
