Жарияланым этикасы

«Dentistry Kazakhstan» журналының редакциялық алқасы халықаралық деңгейде мойындалған жарияланым этикасы қағидаттарын ұстанады. Олардың қатарына COPE (Committee on Publication Ethics) кодексі, Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 971–984-баптары, «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заң, «Ғылым туралы» заңның 3-тарауы, сондай-ақ жетекші халықаралық журналдар мен баспалардың үздік тәжірибелері кіреді.

Ғылыми жарияланымдарда адал емес тәжірибелердің (плагиат, бұрмалау, қайталама жариялау және т.б.) алдын алу мақсатында жарияланым процесіне қатысушылар — редакторлар, редакциялық алқа мүшелері, авторлар мен рецензенттер — этикалық нормаларды бұлжытпай сақтауға және бұзушылықтардың алдын алуға міндетті.
Жалған деректер, плагиат немесе қайталанған жарияланымдар бар қолжазбалар қабылданбайды немесе жарияланған жағдайда қайтарып алынады.

Жарияланым этикасы қағидаттарын сақтау — авторлардың зияткерлік құқықтарын қорғауға, мақалалардың жоғары сапасын қамтамасыз етуге және материалдарды заңсыз пайдалануға жол бермеуге бағытталған.

Авторларға арналған этикалық қағидаттар

Авторлар міндетті:

  • сенімді және түпнұсқа деректерді ұсынуға, әрбір автордың зерттеуге елеулі үлес қосқанын растауға; деректерді қолдан жасауға немесе бұрмалауға жол берілмейді;

  • қолжазба тапсырылғаннан немесе жарияланғаннан кейін анықталған қателер туралы редакцияны дереу хабардар етуге;

  • қолжазбаның түпнұсқа екенін, басқа басылымдарға бұрын жіберілмегенін және параллель түрде жіберілмегенін растауға;

  • дереккөздерді дұрыс келтіруге және алдыңғы еңбектерге сілтеме жасауға, бұрмалаудан аулақ болуға;

  • плагиат пен өзіндік плагиатқа (самоплагиатқа) жол бермеуге;

  • қаржылық немесе материалдық қолдау көздерін көрсетуге;

  • мақалаларды журнал талаптарына сәйкес ресімдеуге;

  • халықаралық авторлық құқық нормалары мен ұлттық заңнаманы сақтауға;

  • рецензенттер мен редакторлардың ескертулеріне құрметпен қарап, түсініктеме мен толықтырулар ұсынуға.

Рецензенттерге арналған этикалық қағидаттар

Рецензенттер міндетті:

  • қолжазбаларды объективті және құпия түрде рецензиялауға, жұмыстың сапасын арттыруға бағытталған пікір беруге;

  • нақты, дәлелді және бейтарап ескертулер ұсынуға;

  • қолжазба мазмұнын құпия ұстауға және жарияланбаған деректерді жеке мақсатта пайдаланбауға;

  • қаржылық, академиялық немесе жеке мүдделер қақтығысы болған жағдайда редакцияны хабардар етуге;

  • мүдделер қақтығысы бар кезде рецензиялаудан бас тартуға.

Редакторлар мен редакциялық алқаға арналған этикалық қағидаттар

Редакторлар және редакциялық алқа мүшелері жарияланым процесінің тұтастығына жауап береді және міндетті:

  • шешімдерді тек ғылыми маңыздылық, өзектілік және деректердің сенімділігі негізінде қабылдауға;

  • қолжазбалар мен рецензенттердің анонимдігін және құпиялылығын қамтамасыз етуге;

  • рецензияланған немесе қабылданбаған мақалаларға қатысты мүдделер қақтығысынан аулақ болуға;

  • плагиат немесе адал емес тәжірибелер анықталған жағдайда материалдардың жариялануына жол бермеуге;

  • қажет болған жағдайда түзетулерді, жоққа шығаруларды немесе нақтылауларды жариялауға.

Баспагерге арналған этикалық қағидаттар

Баспагер міндеттенеді:

  • редакциялық алқа, рецензенттер және авторлардың этикалық міндеттемелерін орындауына қолдау көрсетуге;

  • қолжазбалардың құпиялылығын қамтамасыз етуге;

  • редакциялық шешімдердің коммерциялық мүдделерден (мысалы, жарнама табысынан) тәуелсіз болуын кепілдеуге;

  • басқа баспалар мен ұйымдармен ынтымақтаса отырып, жарияланым этикасына қатысты мәселелерді шешуге;

  • жалған деректер немесе плагиат анықталған материалдарды кері қайтаруға немесе түзету енгізуге ықпал етуге.

Құпиялылық

Барлық жарияланбаған материалдар құпия құжаттар ретінде қаралады.
Авторлар мен рецензенттердің жеке деректері қолданыстағы заңнамаға сәйкес қорғалады.
Рецензенттер мен редакторлар жарияланбаған деректерді жеке мақсатта пайдалануға немесе жария етуге құқылы емес.

Мүдделер қақтығысы

Авторлар барлық ықтимал мүдделер қақтығысын ашық көрсетуге міндетті.
Редакторлар мен рецензенттер мүдделер қақтығысы бар қолжазбаларды қараудан бас тартуы тиіс.

Егер редакцияға қолжазба немесе жарияланған материалға қатысты этикалық шағым түссе, бас редактор COPE нұсқауларына сәйкес тергеу жүргізеді; қажет болған жағдайда түзету, жоққа шығару немесе ресми кешірім жарияланады.

Адам мен жануарлар құқықтары және ақпараттандырылған келісім

Журнал Дүниежүзілік медицина қауымдастығының Хельсинки декларациясын — «Адам қатысатын медициналық зерттеулерді жүргізудің этикалық қағидаттары» — басшылыққа алады.

Адам қатысатын зерттеулер ерікті түрде жүргізілуі және қатысушылардың ақпараттандырылған келісімі алынуы тиіс.
Жануарларға жүргізілетін тәжірибелер адамгершілік қағидаттарға сай және халықаралық ұсынымдарға сәйкес орындалуы қажет.

Қолжазбада авторлар қатысушылардың ақпараттандырылған келісімі бар екенін және зерттеу тиісті ұйымның этикалық комитетімен мақұлданғанын көрсетуге міндетті.

Loading