ДАУН СИНДРОМЫ БАР БАЛАЛАРДА СТОМАТОЛОГИЯЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ПЕН АУЫЗ ҚУЫСЫ ПАТОЛОГИЯЛАРЫНЫҢ ДАМУ ҚАУІП ФАКТОРЛАРЫН КЕШЕНДІ ТАЛДАУ

Алынды: 12.05.2026
Қабылданды: 24.05.2026
Онлайн жарияланды: 30.06.2026

ӘОЖ: 616.31-053.2-07-084:616.31-007.1-053.2

DOI: 10.70113/1815-9443.2026.73.41.009

ДАУН СИНДРОМЫ БАР БАЛАЛАРДА СТОМАТОЛОГИЯЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ПЕН АУЫЗ ҚУЫСЫ ПАТОЛОГИЯЛАРЫНЫҢ ДАМУ ҚАУІП ФАКТОРЛАРЫН КЕШЕНДІ ТАЛДАУ

Байназарова Н. Т. ˡ, Оракбай Л.Ж. ˡ, Ермуханова Г. Т.²,

Жумабаева К.Ж.¹*, Мусаев Б.С.¹, Бидайбеков С.С.1

1 «Қазақстан-Ресей медициналық университеті»,

Қазақстан, Алматы

2 «С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті» КЕАҚ, Қазақстан, Алматы

*Корреспондент автор

 

Кіріспе. Даун синдромы бар балалар анатомиялық-функционалдық, иммунологиялық, мінез-құлықтық және әлеуметтік факторлардың үйлесуіне байланысты стоматологиялық аурулардың даму қаупі жоғары топқа жатады. Ауыз қуысының жеке гигиенасын сақтаудағы қиындықтар, тістердің жарып шығу ерекшеліктері, тіс-жақ аномалиялары, макроглоссия және мамандандырылған стоматологиялық көмектің шектеулі қолжетімділігі тісжегі, пародонт аурулары және басқа да ауыз қуысы патологияларының даму қаупін арттырады.

Зерттеудің мақсаты. Даун синдромы бар балалардың стоматологиялық денсаулығын және ауыз қуысы патологияларының даму қауіп факторларын кешенді бағалау, сондай-ақ арнайы профилактикалық шараларды негіздеу.

Материалдар мен әдістер. Алматы қаласында тұратын 3–18 жас аралығындағы Даун синдромы бар 150 балаға клиникалық стоматологиялық тексеру жүргізілді. Клиникалық деректер 2024–2025 жылдары «Күн бала» қоғамдық қоры, Қазақстан-Ресей медициналық университетінің стоматология кафедрасы және «Нуржамал стоматология» ЖШС стоматологиялық клиникасы базасында жиналды. Тістердің қатты тіндерінің жағдайы, пародонт тіндері, ауыз қуысы гигиенасының деңгейі, тіс-жақ аномалиялары, орофациальды аймақтың туа біткен аномалиялары және тістердің жарып шығу бұзылыстары бағаланды. Ауыз қуысы гигиенасының деңгейі Q-scan Plus флуоресценттік диагностикасы және OHI-S индексі арқылы анықталды. Сонымен қатар ата-аналар мен заңды өкілдерге сауалнама жүргізілді.

Нәтижелері. Зерттелген балалардың көпшілігінде стоматологиялық денсаулық көрсеткіштері қолайсыз болды. Тісжегі және оның асқынулары балалардың 72,6%-ында, тістердің қатты тіндерінің тісжегі емес зақымданулары 42,6%-ында, жартылай адентия 30%-ында, гиперсаливация 91,3%-ында, тіс-жақ аномалиялары 60,7%-ында, тістердің кеш жарып шығуы 68,7%-ында, пародонт тіндерінің аурулары 22,7%-ында, глосситтер 45,3%-ында анықталды. Орофациальды аймақтың туа біткен аномалиялары арасында жоғары аркообразды таңдай, микродентия, макроглоссия және жақ сүйектерінің жетілмеуі тіркелді. Q-scan деректері бойынша индекстің медианалық мәні 3-ті құрады, бұл ауыз қуысы гигиенасының негізінен қанағаттанарлықсыз және нашар деңгейіне сәйкес келді. Нашар және өте нашар гигиена деңгейі жалпы алғанда балалардың 54,0%-ында анықталды. Сауалнама нәтижелері бойынша балалардың тек 30,7%-ы диспансерлік бақылаумен қамтылған, ал стоматологиялық қабылдауға қиын бейімделу 66,4% балада байқалды.

Қорытынды. Даун синдромы бар балаларда стоматологиялық аурулар мен қауіп факторларының жоғары таралуы анықталды. Оларға ауыз қуысы гигиенасының қанағаттанарлықсыз деңгейі, тісжегі, тісжегі емес зақымданулар, тіс-жақ аномалиялары, тістердің жарып шығу бұзылыстары және ұйымдастырылған профилактиканың жеткіліксіздігі жатады. Алынған деректер Даун синдромы бар балалардың қажеттіліктеріне бейімделген арнайы профилактикалық бағдарламаларды әзірлеудің маңыздылығын көрсетеді. Мұндай бағдарламалар стоматологтар, педиатрлар, неврологтар, логопедтер, ата-аналар және заңды өкілдердің бірлескен қатысуымен жүзеге асырылуы тиіс.

Түйінді сөздер: балалар, Даун синдромы, стоматологиялық денсаулық, тісжегі, пародонт аурулары, тіс-жақ аномалиялары, Q-scan, профилактика.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *