РЕТРОСПЕКТИВТІ ТАЛДАУ ДЕРЕКТЕРІ БОЙЫНША АУЫЗ ҚУЫСЫНЫҢ ШЫРЫШТЫ ҚАБЫҒЫ МЕН ЕРІННІҢ ҚЫЗЫЛ ЖИЕГІНІҢ ОБЫРАЛДЫ ЖӘНЕ ҚАТЕРЛІ ІСІК АУРУЛАРЫНЫҢ ТАРАЛУЫН ЗЕРТТЕУ

Алынды: 16.05.2026
Қабылданды: 29.05.2026
Онлайн жарияланды: 30.06.2026
ӘОЖ: [616.311+616.317]-006-036.3(045)
DOI:
10.70113/1815-9443.2026.96.66.011

РЕТРОСПЕКТИВТІ ТАЛДАУ ДЕРЕКТЕРІ БОЙЫНША АУЫЗ ҚУЫСЫНЫҢ ШЫРЫШТЫ ҚАБЫҒЫ МЕН ЕРІННІҢ ҚЫЗЫЛ ЖИЕГІНІҢ ОБЫРАЛДЫ ЖӘНЕ ҚАТЕРЛІ ІСІК АУРУЛАРЫНЫҢ ТАРАЛУЫН ЗЕРТТЕУ

Искакова Марьям Қозбайқызы¹, Закирова Карина Маратқызы², Кайбаров Мұрат Ендалыұлы³

¹ Медицина ғылымдарының докторы, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің балалар стоматологиясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Алматы, Қазақстан

² Қазақстан-Ресей медицина университетінің магистранты, Алматы, Қазақстан
³ Медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының бас және мойын ісіктері орталығының меңгерушісі, Алматы, Қазақстан

 

Кіріспе. Ауыз қуысының шырышты қабығы мен еріннің қызыл жиегінің ісік алды және қатерлі ісік ауруларын ерте анықтау стоматология, онкостоматология және скринингтік бағдарламаларды ұйымдастыру үшін өзекті мәселе болып табылады.

Мақсаты. Ретроспективті талдау деректері бойынша ауыз қуысының шырышты қабығы мен еріннің қызыл жиегінің ісік алды және қатерлі ісік ауруларының құрылымы мен таралуын, сондай-ақ кеш анықталуына байланысты факторларды зерттеу.

Материалдар мен әдістер. Қазақ ғылыми-зерттеу онкология және радиология институтының бас және мойын ісіктері орталығында 2023-2024 жылдар аралығындағы 300 стационарлық пациенттің медициналық картасына ретроспективті талдау жүргізілді: әр жыл бойынша 150 карта. Жынысы, жасы, жүгіну жолы, зақымдану локализациясы, қатерлі процестің сатысы, қауіп факторлары және анықталған ісік алды зақымданулар талданды. Статистикалық талдауда Пирсонның χ² критерийі қолданылды.

Нәтижелер. 2023 жылы ауыз қуысы қатерлі ісігінің III-IV сатылары 87 жағдайда (58%), 2024 жылы 78 жағдайда (52%) анықталды. Ең жиі локализация тіл аймағы болды. Ісік алды зақымданулар 2023 жылы 13 жағдайда (8,7%), 2024 жылы 7 жағдайда (4,7%) анықталды; жалпы жиілігі 20/300 жағдайды (6,7%) құрады. Ең жиі анықталған ісік алды зақымдану лейкоплакия болды. Жүгіну жолы мен ауру сатысы арасында статистикалық мәнді байланыс анықталды (χ²=10,71; df=1; p=0,0011).

Талқылау. Алынған деректер ұзақ уақыт өзін-өзі емдеу немесе стоматологта ұзақ емделу аурудың кеш сатыларында анықталу қаупін арттыруы мүмкін екенін көрсетеді. Бұл стоматологтардың онкологиялық сақтығын күшейту, ауыз қуысының шырышты қабығы мен еріннің қызыл жиегін тұрақты тексеру және қауіп тобындағы пациенттерді динамикалық бақылау қажеттігін дәлелдейді.

Қорытынды. Ретроспективті талдау ісік алды зақымданулардың анықталуы мен ауыз қуысы қатерлі ісігінің кеш сатыларының жоғары үлесін көрсетті. Ерте диагностика үшін стоматологиялық тексерулерді жүйелі жүргізу, пациенттерді ақпараттандыру және онкоскрининг элементтерін алғашқы стоматологиялық қабылдауға енгізу қажет.

Түйінді сөздер: таралуы, ісік алды аурулар, қатерлі ісік, ауыз қуысының шырышты қабығы, еріннің қызыл жиегі, онкологиялық сақтық, диагностика, пациент.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *