Алынды: 2026 жылғы 13 маусым
Қабылданды: 2026 жылғы 20 маусым
Онлайн жарияланды: 2026 жылғы 30 маусым
ӘОЖ: 616.31-036.22-053.5
DOI: 10.70113/1815-9443.2026.36.28.006
УАҚЫТША ТІСТЕРДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУДІҢ ЗАМАНАУИ ӘДІСТЕРІ: САУЫТТАР МЕН БАЛАМАЛЫ ӘДІСТЕР
Каркимбаева Г.А. ¹, Рысбаева Ж.И. ¹, Жумабаева К.Ж. ²
Қазмағамбетова А.Қ. ¹, Ансарова С.Ш. ³,
Ашел Е.Н.¹, Каржаубаева М.М.²
¹НАҚ «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті»
² Қазақстан-Ресей Медициналық университеті
³Стоматологиялық клиника «Kids smile»
Қазақстан, Алматы
Кіріспе. Уақытша тістерінің ауқымды дәрежеде бұзылуын қалпына келтіру мәселесі балалар стоматологиясының өзекті бағыттарының бірі болып табылады. Қазіргі заманауи реставрациялық технологиялар ем нәтижелерінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын, функционалдық тиімділігін және жоғары эстетикалық көрсеткіштерін қамтамасыз етуі қажет. Осыған байланысты уақытша тістерін қалпына келтірудің әртүрлі әдістерінің клиникалық тиімділігін салыстырмалы бағалау ғылыми және практикалық тұрғыдан ерекше маңызға ие.
Зерттеудің мақсаты. 2,5–6 жас аралығындағы балалардың уақытша тістерін қалпына келтіру барысында қолданылатын жасанды сауыттар мен тікелей композиттік реставрациялардың клиникалық тиімділігін салыстырмалы түрде бағалау.
Зерттеу материалдары мен әдістері. Зерттеуге 98 бала қатысты. Қатысушылар үш топқа бөлінді: негізгі топта-тістер цирконий сауыттарымен қалпына келтірілді; бақылау тобында- NuSmile металл сауыттары қолданылды; салыстыру тобында- Filtek Z250 композиттік материалы арқылы тікелей реставрациялар жүргізілді. Клиникалық нәтижелер 1, 3, 6 және 12 айдан кейін бағаланды. Бағалау критерийлері ретінде реставрациялардың сақталуы, қоршаған тіндердің жағдайы, ауыз қуысы гигиенасының көрсеткіштері және эстетикалық қанағаттану деңгейі қарастырылды.
Нәтижелер мен талқылау. Бақылау нәтижелері бойынша цирконий сауыттары барлық негізгі параметрлер бойынша үздік көрсеткіштерді көрсетті: жоғары беріктік пен сақталуы, перифериялық тіндердің қабыну белгілерінің минималды болуы, жақсы гигиеналық көрсеткіштер және науқастар мен олардың ата-аналары тарапынан эстетикалық қабылдаудың жоғары деңгейі. Металл сауыттар қанағаттанарлық функционалдық нәтижелер көрсетті, бірақ эстетикалық тұрғыдан төмен болды. Композиттік реставрациялар ең төменгі беріктікке ие болып, асқынулар жиілігі жоғары болды.
Қорытынды. Алынған деректер цирконий сауыттарының жоғары клиникалық тиімділігі мен эстетикалық тартымдылығын растайды, бұл оларды педиатриялық стоматология тәжірибесінде кеңінен қолдануға таңдау жасайды.
Түйінді сөздер: балалар стоматологиясы, цирконий сауыттары, NuSmile, Filtek, бекітілген протездеу, сүт тістері, тісжегі, реставрация.
