Алынды: 2026 жылғы 02 қыркүйек
Қабылданды: 2026 жылғы 23 қыркүйек
Онлайн жарияланды: 2026 жылғы 30 қыркүйек
ӘОЖ: (616.31+616.716)-007-053.2
МҒТАХ: 76.29.55
DOI: 10.70113/1815-9443.2026.58.32.001
БАЛАЛАРДАҒЫ ЖАҚ-БЕТ АЙМАҒЫ ДИЗЭМБРИОГЕНЕЗІНІҢ СТИГМАЛАРЫ: АРАЛ МАҢЫ ӨҢІРІ МЕН САЛЫСТЫРУ ТОБЫНДАҒЫ КӨЛДЕНЕҢ ЗЕРТТЕУ
Рысбаева Ж.И. ¹, Каркимбаева Г.А. ¹*, Мусаев Б.С. ², Абдразаков Е.Х. ²,
Абдикаримов С.Ж. ¹, Каржаубаева М.М. ²
¹ «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КеАҚ, Алматы, Қазақстан
² «Қазақстан-Ресей медициналық университеті» МЕББМ, Алматы, Қазақстан
*Хат-хабарға жауапты автор: Г.А. Каркимбаева, e-mail: gulshahar_07@mail.ru
Кіріспе. Дизэмбриогенез стигмалары ұрықтың жатырішілік дамуы барысында қалыптасатын кіші морфологиялық аномалиялар ретінде қарастырылады. Олардың жинақталуы дәнекер тіннің жүйелік ерекшеліктерімен және қоршаған ортаның қолайсыз факторларымен байланысты болуы мүмкін, алайда жеке фенотиптік белгілердің дербес диагностикалық маңызы шектеулі.
Зерттеудің мақсаты. Арал маңы өңіріндегі балаларда жақ-бет аймағы дизэмбриогенезі стигмаларының таралу жиілігін анықтау және алынған көрсеткіштерді Алматы қаласы мен Алматы облысында тұратын балалардың салыстыру тобымен бағалау.
Материалдар және әдістер. Көлденең салыстырмалы зерттеуге 7–16 жастағы 793 бала енгізілді. Негізгі топты Қызылорда облысының Арал, Қызылорда қалалары мен Шиелі елді мекенінде тұратын 500 бала (256 ұл, 244 қыз), салыстыру тобын Алматы қаласы мен Алматы облысында тұратын 293 бала (142 ұл, 151 қыз) құрады. Жақ-бет аймағының дизэмбриогенез стигмалары клиникалық тексеру барысында бағаланды; жіктелмейтін фенотиптер M.F. Waldrop шкаласы бойынша интерпретацияланды. Статистикалық маңыздылық p<0,05 деңгейінде бағаланды.
Нәтижелер. Тексерілген 793 баланың 83,1%-ында (n=659) дизэмбриогенез стигмалары анықталды. Негізгі топтағы 500 баланың 91,6%-ында (n=458), ал салыстыру тобындағы 293 баланың 68,6%-ында (n=201) микроаномалиялар тіркелді. Жоғары стигматизация деңгейі негізгі топта 43,0% (n=197), салыстыру тобында 16,4% (n=33) болды; айырмашылық 2,6 есе құрады. Ең жиі анықталған белгілерге тіл жүгеншесінің қысқалығы, жоғарғы ерін жүгеншесінің төмен орналасуы және тіс-жақ жүйесіндегі тістем ақаулары жатты.
Талқылау. Арал маңы өңіріндегі балаларда микроаномалиялар мен жоғары стигматизация деңгейінің жиі анықталуы зерттелген топтар арасындағы айқын айырмашылықты көрсетеді. Зерттеудің көлденең дизайны қоршаған орта факторлары мен анықталған фенотиптер арасында себеп-салдарлық байланыс орнатуға мүмкіндік бермейді; сондықтан нәтижелер скринингтік және клиникалық мониторинг тұрғысынан түсіндірілуі тиіс.
Қорытынды. Анықталған микроаномалиялар жеке алғанда дербес диагностикалық мәнге ие болмауы мүмкін, бірақ олардың жиынтығы қосымша клиникалық маркер ретінде қолданылып, тереңдетілген педиатриялық, стоматологиялық және қажет болған жағдайда генетикалық бағалауға негіз бола алады.
Түйінді сөздер: дизэмбриогенез стигмалары, жақ-бет аймағы, ауыз қуысының микроаномалиялары, Арал маңы, балалар, стоматологиялық статус.
