ОРТОПЕДИЯЛЫҚ СТОМАТОЛОГИЯДАҒЫ ТІС ТҮСІН ЦИФРЛЫҚ ТАЛДАУ

Редакцияға келіп түсті: 2026 жылғы 09 тамыз
Жариялауға қабылданды: 2026 жылғы 14 қыркүйек
Онлайн жарияланды: 2026 жылғы 30 қыркүйек
ӘОЖ: 616.314-089.28:004.8

DOI: 10.70113/1815-9443.2026.68.68.006

 

ОРТОПЕДИЯЛЫҚ СТОМАТОЛОГИЯДАҒЫ ТІС ТҮСІН ЦИФРЛЫҚ ТАЛДАУ

 

Нысанова Б.Ж.¹, Жайшиева Ш.А.¹, Имашева А. С.¹,

Онайбекова Н.М.¹, Таупык Н.¹, Жолшибеков А.К. ¹

¹«С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КЕАҚ,

Алматы, Қазақстан

 

Кіріспе. Тіс түсін дәл таңдау ортопедиялық стоматологияда болжамды эстетикалық нәтижеге қол жеткізудің маңызды шарты болып табылады. Реңкті визуалды бағалау субъективті болып қала береді, ал цифрлық фотосурет, спектрофотометрия, ауызішілік сканерлеу және жасанды интеллект (ЖИ) әдістері түсті талдаудың объективтілігі мен қайталанғыштығын арттыруға мүмкіндік береді.

Зерттеудің мақсаты. Тіс түсін анықтаудың заманауи цифрлық әдістерін және тістер мен ортопедиялық реставрациялар реңкін талдау мен болжауда ЖИ қолдану мүмкіндіктерін бағалау.

Материалдар мен әдістері. PubMed/MEDLINE базасындағы цифрлық фотосурет, спектрофотометрия, ауызішілік сканерлеу, компьютерлік көру, машиналық оқыту және тістер мен реставрациялар түсін талдаудағы ЖИ қолданылуына арналған жарияланымдарға аналитикалық шолу жүргізілді. Негізінен 2020–2026 жылдары жарияланған жүйелі шолулар, метаталдаулар және түпнұсқа зерттеулер, сондай-ақ әдіснамалық маңызы бар жекелеген еңбектер қамтылды. Қосымша 34 жастағы пациенттің клиникалық мысалы берілді: толық керамикалық сауыт реңкін таңдау үшін стандартталған RAW-фототүсірілім, түсті калибрлеу, конволюциялық нейрондық желі арқылы кескінді сегментациялау, CIELAB кеңістігі және ΔE есебі қолданылды.

Нәтижелері. Цифрлық әдістер түсті неғұрлым объективті сандық тіркеуге мүмкіндік береді, ал ЖИ алгоритмдері кескіндерді сегментациялауды, түстік сипаттамаларды талдауды және реставрация реңкін болжауды автоматтандырады. Клиникалық мысалда цифрлық талдау интактты тіске ең жақын реңк ретінде 2M2-ні анықтады (ΔE=0,82; 3M2 үшін ΔE=2,45); 14 күннен кейінгі бақылауда реставрацияның қанағаттанарлық эстетикалық интеграциясы байқалды. Нәтижелердің дәлдігі тіркеу жағдайларына, жабдыққа, алгоритмдерге және бастапқы деректер сапасына тәуелді.

Талқылау. Жинақталған деректер ЖИ-дің реңк таңдауда клиникалық шешімді қолдау құралы ретіндегі әлеуетін көрсетеді. Алайда зерттеулер хаттамаларының, құрылғылардың және оқыту деректерінің әркелкілігі нәтижелердің жалпылануын шектейді. Бір клиникалық мысал тәсілдің қолданылуын көрсеткенімен, алгоритмнің диагностикалық дәлдігін немесе кең популяциядағы тиімділігін бағалауға жеткіліксіз.

Қорытынды. ЖИ ортопедиялық стоматологиядағы түсті цифрлық талдаудың перспективалы құралы болып табылады, бірақ оны стандартталған цифрлық тіркеумен, объективті өлшеу әдістерімен және CAD/CAM технологияларымен біріктіріп қолдану қажет. Хаттамаларды біріздендіру және алгоритмдерді үлкен тәуелсіз клиникалық іріктемелерде валидациялау қажет.

Түйіндi сөздер: түсті цифрлық талдау, тіс түсі, ортопедиялық стоматология, жасанды интеллект, компьютерлік көру, машиналық оқыту, спектрофотометрия, CAD/CAM.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *